Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы 1 желоқсан күнін ЖИТС- пен күресу күні деп белгіледі және әлеуметтік төзімділікке шақырды. Содан бері бұл күн әр түрлі ұрандармен, іс- шаралармен өткізіледі. Іс-шараның басты мақсаты – халықты АИТВ/ЖИТС туралы ақпараттандыру, халықты салауатты өмір салтын насихаттауға шақыру, халыққа аурудың алдын-алу мен жұқтырып алмау тәсілдерін түсіндіру.
АИТВ-инфекциясы адамның иммун тапшылығы вирусы ағзаға енген кезде дамитын, иммундық жүйені зақымдап, ағзаның қорғаныс қабілетінің әлсіреуіне әкелетін ауру. Оны жұқтырған адамдар бірнеше жылға дейін өзінің ауырғанын сезбей, сау адамша жүруі мүмкін. Дертке шалдыққан адам ем алмаса, уақыт өте келе оның бойындағы бұл дерт асқынып, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына (ЖИТС) ұласуы мүмкін.
ЖИТС – жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы, бұл АИТВ-инфекциясының соңғы кезеңі, адамның иммундық жүйесі инфекцияның кез келген түріне қарсы тұра алмайтындай әсер етеді. Кез-келген инфекция, тіпті ең зиянсыз, ауыр ауруға және өлімге әкелуі мүмкін. Вирус жұққан адам — вирус тасымалдаушылар, ЖИТС-пен ауырған адамдар инфекция жұқтыру көзі болып табылады.
Көптеген адамдар қызыл лента тағады — АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың хабардар болуының, қолдаудың және ынтымақтастықтың халықаралық белгісі.
ЖИТС-тің басты жұғу жолдары:
– жыныстық қатынас арқылы;
– вирус жұқтырған адамның қаны арқылы (есірткіні көктамыр ішіне қолдану кезінде, тіс щеткаларын, қырыну және маникюр құралдарын ортақ пайдалану, татуировка және пирсинг жасатқанда);
– анадан балаға, жүктілік және босанған кезде, егер анасында вирус болса.