Пациенттерді қолдау қызметі қалай көмектеседі (ПҚҚ)?

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексте медициналық қызметтер сапасының сараптамасына жіті назар аударылған. Сараптама жасау медициналық қызметтер сапасының деңгейін, стандарттарға сәйкестігін, тиімділігі мен уақтылығын бағалауға мүмкіндік береді.       

Сыртқы сараптаманы мемлекеттік органдар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және тәуелсіз сарапшылар жүргізе алады.       

Ішкі сараптама медициналық ұйымның өзінде жүзеге асырылады, ол үшін пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметтері (ІСҚ) құрылады.       

Пациенттерді қолдау қызметінің міндеті қандай?

ПҚҚ-нің міндеті көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын сараптау, сондай-ақ халықпен өзара іс-қимыл жасау болып табылады. Бұл өтініштер мен шағымдарды қарау, пациенттердің медициналық қызметтерді алу процесінде туындаған жағдайларды реттеу ПҚҚ-нің міндетіне кіреді.       

Пациент қай кезде ПҚҚ-ға хабарласа алады? Егер…

 ✔сізден шұғыл медициналық көмек алу үшін немесе учаскелік дәрігерге бару үшін сақтандырылу мәртебесінің болуын талап етсе      

✔сізді учаскелік дәрігер болмаған жағдайда қабылдаудан бас тартса                                                                                                                ✔учаскелік дәрігер / медбике немесе фельдшер сіз осы емханаға аумақтық қағидат бойынша бекітілген болсаңыз да, үйге шақырту қызметін көрсетпесе      

✔сіз бейінді маманнан кеңес ала алмай жүрсеңіз, себебі ол дәрігер жоқ немесе қабылдауға бір айға толық жазылған болсаңыз       

✔сізге денсаулығыңыздың көрсеткіштері бойынша тиісті диагностикалық немесе зертханалық қызметтерге жолдама берілілмесе       

✔жүргізілген тексерістің нәтижелерімен сізді таныстырмаса      

✔дәрігер қабылдау кезінде дөрекілік танытса, өзін талапқа сай ұстамаса      

✔сіз көрсетілген медициналық көмектің сапасына қанағаттанбасаңыз      

✔егер сіз диагноздың немесе тағайындалған емнің дұрыстығына күмәнданатын болсаңыз       

✔сіз өзіңіздің медициналық жазбаларыңызда қате деректерді немесе тіркелімдерді анықтаған болсаңыз       

✔жалпы, сізді медицина қызметкерлері мен медициналық ұйымның қызмет көрсету сапасы қанағаттандырмаса пациентті қолдау қызметіне хабарлассаңыз болады      

Көптеген жағдайлар жазбаша өтініш беруді қажет етпейді, бірақ пациенттің қолдау қызметі қызметкерінің іс-әрекеттерінің арқасында сол жерде шешіледі.                            

ҚОР СКРИНИНГТЕРГЕ ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ ҚАРАСТЫРДЫ

ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 87-бабына сәйкес, жұмыс берушілер жұмысшыларының скринингтерден өту үшін  жұмыс уақыты кезеңінде лауазымын және орташа жалақысын сақтай отырып, кедергісіз жіберуі керек. Биыл қордан медициналық ұйымдардың ересек тұрғындарға скринингтік зерттеулер мен профилактикалық тексерулерді жүргізуіне шамамен 23,7 млрд теңге қарастырылған.

Профилактикалық тексерулердің арқасында қатерлі ауруларды ерте кезеңде анықтап, уақтылы емдеуді бастауға болады. Ол үшін тұрғындар бекітілген емханасында учаскелік мейірбикенің шақыруы бойынша скринингтен уақтылы өткені жөн.

Сонымен скринингтік зерттеулердің түрлері және нысаналы топтарға тоқталса,

  • 30-39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Темекіні пайдалануға, дұрыс тамақтанбауға, дене белсенділігінің төмен болуына немесе алкогольді шамадан тыс тұтынуға байланысты пациентке салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану жөнінде кеңестер беріледі. Скрининг жүргізу кезінде пациенттің денсаулығы тексеріледі. Созылмалы аурулар немесе олардың даму қаупі анықталған жағдайда пациентті дәрігерлердің қадағалауына қояды, қажетті емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізіледі.
  • 40-тан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтауға арналған скринингтен өтеді. Қан қысымының, холестериннің, қан глюкозасының деңгейі және дене салмағының индексі анықталады. Скрининг осы аурулардың дамуын болдырмауға және қауіп тобындағы пациенттерді бақылауға жүргізіледі, қажет болған жағдайда – есепке алуға және емдеу мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
  • 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтауға тексеруден өтеді, оның ішінде ПАП-тест немесе тереңдетілген диагностика – (бейне) кольпоскопия, биопсия және гистология, бейінді мамандардың консультациясын алады.
  • Әйелдер 40 жастан 70 жасқа дейін сүт безі обырын ерте анықтау үшін тексеруден өтеді – екі проекциядағы маммография. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ-і, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистология, бейінді мамандардың консультациясы.
  • 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер гемокульт-тест көмегімен колоректальды обырды ерте анықтауға тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – жаппай бейне колоноскопия, оның ішінде наркозбен, эндоскопиялық шертпелі биопсия, гистология, мамандардың консультациясы жүргізіледі.

Егер науқаста скринингтен өтуге қатысты қосымша сұрақтар туындаса, онда учаскелік дәрігерге немесе емханадағы Пациенттерді қолдау қызметінен нақтылауға болады.

Егер мәселе нақты шешілмесе, қордың fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot арналары арқылы өтініш қалдыруға болады.

Н.Айтымбетова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директорының орынбасары.

Мәмс туралы мәлімет

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) іске асыру басталды. МӘМС жүйесі жарна мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған адамдардың қызметтер пакетіне тең қолжетімділігіне негізделген.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Медициналық сақтандыру қорындағы қаражат есебінен азаматтар тегін медициналық көмек алуына мүмкіндік туады. Сондай-ақ медициналық сақтандыру саласында қызметтің сапасы да жақсарады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: денсаулық сақтау мүддесін әлеуметтік қорғаудағы мемлекеттік жүйе болып табылады.

Екі пакет бар: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), оларға сәйкес адамдар медициналық көмек ала алады.

МӘМС  мақсаттары:

  • Қоғамдық ынтымақтастыққа жету;
  • Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы;
  • Елдің әр тұрғыны үшін медициналық көмектің бірыңғай топтамасы және оған жету теңдігі;
  • Көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру, медициналық ұйымдардың жоғары құзыреттігін және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, жаңа технологиялар және оқыту үшін жағдай жасау;
  • Өңірлер бойынша қаржы бөлудің және жеткізушілерден медициналық
    көмекті сатып алудың бірыңғай ережелері.

МӘМС жүйесінің негізгі қағидалары:

  • әмбебаптылық;
  • әлеуметтік әділеттілік;
  • ынтымақтастық.

Мемлекет ТМККК шеңберінде тегін медициналық көмекке кепілдік береді. Сізге бастапқы және шұғыл медициналық көмек міндетті түрде көрсетіледі.

 ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысына сәйкес оған келесі қызметтер кіреді:

  • Жедел жәрдем және санитарлық авиация
  • Шұғыл стационарлық көмек
  • Бастапқы медициналық-санитариялық көмек
  • Скринингтер
  • Жүкті әйелдер мен балаларды бақылау
  • Созылмалы ауруға шалдыққан  және  әлеуметтік  маңызы бар ауруларды бақылау
  • Инфекциялық ауруларды емдеу
  • Паллиативті көмек
  • Туберкулезге шалдыққандарды оңалту
  • Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету

Егер сіз САҚТАНДЫРЫЛҒАН болсаңыз, сізге келесі медициналық қызметтер қол жетімді,ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 673 қаулысына сәйкес МӘМС пакетіне келесі медициналық қызметтер кіреді:

  • Ересектер мен балаларды профилактикалық тексеру
  • Салалық дәрігердің қабылдауы
  • Қымбат тұратын зертханалық және диагностикалық тексерулер
  • Стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу
  • ТМККК пакетіне енбеген жіті созылмалы ауруларды емдеу
  • 18 жасқа дейінгі балалар,мүгедектер мен зейнеткерлер үшін стоматология
  • Медициналық оңалту.